Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол бермеу мақсатында облыс көлемінде «Тұрмыс» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Іс-шара аясында Атырау қаласы полиция басқармасы Қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің қызметкерлері «Менің шекарам» тақырыбында Атырау көлік және коммуникация колледжі студенттерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында жастарға жеке шекара ұғымы, өзара сыйластық пен жауапкершілік қағидаттары, сондай-ақ психологиялық және физикалық қысымның алдын алу жолдары түсіндірілді.
Сонымен қатар, отбасылық-тұрмыстық саладағы құқықбұзушылықтар үшін көзделген заң талаптары мен жауапкершілік түрлері, қорғау нұсқамасын шығару тәртібі туралы ақпарат берілді. Полиция қызметкерлері кез келген құқыққа қарсы әрекеттердің салдары болатынын атап өтіп, азаматтарды заң талаптарын қатаң сақтауға және құқық бұзушылық фактілері орын алған жағдайда тиісті органдарға уақтылы хабарлауға шақырды.