Қоғамдық көлікте есірткіге қарсы профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді

Қоғамдық көлікте есірткіге қарсы профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді
Атырау облысында есірткі қылмысының алдын алу және тұрғындардың құқықтық әрі ақпараттық сауаттылығын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Осы бағытта Атырау облысы полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы «Жастар рухы» қоғамдық бірлестігінің еріктілерімен бірлесіп, қала тұрғындары көп пайдаланатын қоғамдық көліктерде профилактикалық іс-шара ұйымдастырды.
Іс-шара барысында жолаушыларға есірткі заттарының адам өмірі мен денсаулығына төндіретін қаупі, олардың ағза мен психикаға тигізетін зиянды салдары туралы кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар, жасөспірімдер мен жастар арасында есірткіге тәуелділіктің алдын алу жолдары, әлеуметтік желілер арқылы таралатын қауіптер, күмәнді ұсыныстардан сақ болу, отбасы мен жақын орта қолдауының маңыздылығы жөнінде ақпарат берілді.
Тұрғындарға есірткі заттарын заңсыз сақтау, пайдалану және тарату үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғаны ескертіліп, ақпараттық жадынама парақтары таратылды.
Полиция қызметкерлері азаматтарды салауатты өмір салтын ұстануға, есірткіден аулақ болуға және өз болашағына бейжай қарамауға шақырады.