Атыраулық тәртіп сақшылары тұрғындарға онлайн өтініш рәсімдеу туралы түсіндірме жүргізді

Атыраулық тәртіп сақшылары тұрғындарға онлайн өтініш рәсімдеу туралы түсіндірме жүргізді
Атырауда полиция қызметкерлері тұрғындарға eGov Mobile мобильді қосымшасындағы «Заң мен тәртіп» цифрлық сервисін пайдалану жолдарына түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Бұл іс-шара тұрғындардың құқықтық және цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталған.
Мамандар қала аумағындағы қоғамдық орындарды аралап, азаматтармен тікелей байланыс орнатты. Қатысушыларға қосымшаға кіру, «Заң мен тәртіп» сервисін таңдау және онлайн өтініш жолдау қадамдары көрсетілді. Сонымен қатар құқықбұзушылық туралы хабарлама жіберу тәртібі, өтінішті толтыру және жіберу жолдары толық түсіндірілді.
Аталған сервис азаматтарға үйден шықпай-ақ қажетті өтініштерін жолдауға мүмкіндік береді. Айта кетейік, биылғы жыл басынан бері eGov қосымшасы арқылы полицияға 53 хабарлама түсті.
Мұндай ақпараттық іс-шаралар азаматтар мен құқық қорғау органдары арасындағы байланысты нығайтып, цифрлық сервистерді пайдалану мәдениетін қалыптастыруға, сондай-ақ қоғамда заң мен тәртіп қағидаттарын күшейтуге бағытталған.