22–28 қаңтар аралығында Атырауда жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында полицейлер кешенді түсіндіру және профилактикалық жұмыстар жүргізді. Іс-шараның басты мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және заңға бағыну мәдениетін қалыптастыру.
«Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында тәртіп сақшылары білім беру ұйымдарында кездесулер өткізіп, оқушыларға құқықтық жауапкершілік, қауіпсіз мінез-құлық және құқықбұзушылықтың салдары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, түнгі уақытта ата-анасының немесе заңды өкілдерінің қарауынсыз қоғамдық орындарда жүрген 387 жасөспірім анықталды.
Іс-шара барысында бұл көрсеткіштен бөлек, кәмелетке толмағандардың қатысуымен орын алған түрлі әкімшілік құқықбұзушылықтар, ата-аналардың бала тәрбиесіне немқұрайлы қарау деректері, сондай-ақ қоғамдық тәртіпке байланысты өзге де заң бұзушылықтар тіркелді. Нәтижесінде жеті күн ішінде барлығы 500-ге жуық құқықбұзушылық дерегі анықталып, заң аясында тиісті шаралар қабылданды.