«Тәлімгер мектебі» – болашақ жас мамандардың тәжірибе алаңы

«Тәлімгер мектебі» – болашақ жас мамандардың тәжірибе алаңы
Атырау облысы полиция департаментінде «Тәлімгер мектебі» жобасы аясында жоғары оқу орындарының «Құқықтану» және «Заң» мамандықтарында білім алып жатқан студенттер өндірістік тәжірибеден өтуде. Аталған жоба құқық қорғау органдары мен білім беру ұйымдары арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтып, болашақ мамандарды кәсіби тұрғыда даярлауға бағытталған.
Тәжірибе барысында студенттер полиция департаментінің түрлі қызмет бағыттарының жұмысымен танысып, тәжірибелі қызметкерлердің жетекшілігімен нақты қызметтік процестерге қатысуда. Әрбір студентке салада көпжылдық тәжірибесі бар білікті полицейлер тәлімгер ретінде бекітіліп, олар жастарға құқық қорғау қызметінің қыр-сырымен бөлісуде. Тәлімгерлердің қатысуымен өткізілетін кездесулер, шеберлік сабақтары мен тәжірибелік іс-шаралар студенттердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруына мүмкіндік беріп отыр.
Жоба жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың құқық қорғау органдарында қызмет етуге деген қызығушылығын күшейтуге ықпал етуде. Студенттер үшін бұл – өз болашағын саналы түрде таңдауға, мамандықтың жауапкершілігін сезінуге және кәсіби қалыптасуға жасалған маңызды қадам.
Атырау облысы полиция департаменті алдағы уақытта да жас мамандарды қолдауға, олардың әлеуетін ашуға және білікті кадрлар даярлауға бағытталған осындай жобаларды жүйелі түрде жүзеге асыра бермек.