Атырау облысы полиция департаментінің Криминалдық полиция басқармасы қылмыстарды ашумен қатар, із-түзсіз жоғалған азаматтарды іздестіру бағытындағы жұмыстарды да тұрақты түрде жүзеге асырып, бақылауда ұстайды.
Өткен жылы Атырау облысы аумағында хабар-ошарсыз кеткен тұлғаларға қатысты барлығы 974 хабарлама тіркелген. Оның ішінде 509 дерек кәмелетке толмағандарға қатысты болған. Жедел-іздестіру және алдын алу шараларының нәтижесінде 971 азаматтың жүрген жері анықталып, табылды.
Ал 2026 жылдың есептік мерзімінде хабар-ошарсыз кеткен тұлғалар бойынша 47 хабарлама тіркеліп, соның 45-інің жүрген жері анықталды.
Хабар-ошарсыз кету жағдайларының алдын алу мақсатында азаматтарға қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтау ұсынылады. Атап айтқанда,
• Жақындарыңызбен үнемі байланыста болып, ұзақ сапарға шыққанда байланыс құралдарының жарамды екеніне көз жеткізу қажет. Қажет болған жағдайда жеке басыңызды сәйкестендіру үшін жеке куәлігіңізді өзіңізбен бірге алып жүрген жөн.
• Сонымен қатар, орналасқан жерді анықтайтын қосымшаларды пайдалану төтенше жағдайда жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Бейтаныс аумақтарда жүргенде жергілікті жағдайлар мен ережелерді ескеріп, түнгі уақытта қолайсыз аймақтарға жалғыз бармау ұсынылады.
• Балаларды қауіпсіз жүріп-тұру ережелеріне, күтпеген жағдайларда дұрыс әрекет етуге үйрету маңызды. Ал адам жоғалған жағдайда уақыт жоғалтпай, дереу полицияға немесе тиісті іздестіру органдарына хабарласу қажеттігін ескертеміз.