Жастар арасында нашақорлық пен есірткі қылмысының алдын алу, есірткі заттарының заңсыз айналымына қатысудың ауыр құқықтық салдарын түсіндіру, сондай-ақ қоғамда есірткіге қарсы тұрақты иммунитет қалыптастыру мақсатында облыстық полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы Есірткі құқық бұзушылығының профилактикасы жөніндегі Кеңес мүшелері және облыстық білім беру басқармасымен бірлесіп Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты арнайы мекемесінде танымдық іс-шара өткізді.
Танымдық іс-шараға 40-тан астам колледж студенттері қатысып, есірткі қылмысы үшін сотталған адамдардың жазасын өтеу жағдайымен танысты. Іс-шара барысында студенттер мекеменің ішкі тәртібімен, қатаң бақылау режимімен және еркіндігінен айырылған адамдардың күнделікті өмірімен көзбе-көз танысу мүмкіндігіне ие болды. Мекеме аумағына кірген сәттен бастап қатаң тәртіп, темір қақпалар, тікенекті сымдар мен суық тыныштық жастарға ерекше әсер қалдырды. Бұл көріністер есірткі заттарының заңсыз айналымына араласудың соңы еркіндіктен айырылуға, өмірлік жоспарлардың күйреуіне әкелетінін көрсетті.
Тәртіп сақшылары жастарға есірткі қылмыстары үшін көзделген қылмыстық жауапкершілік, жазаның түрлері мен мерзімдері, сондай-ақ түзеу мекемелеріндегі өмірдің шынайы жағдайы туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Айта кетейік, бүгінде есірткі, психотроптық заттардың, сол тектестерді заңсыз өткізіп, дайындағаны және тасымалдағаны, сондай-ақ, сақтағаны үшін 19 бен 40 жас аралығындағы 60 азамат сот үкімімен 5 жылдан 12 жыл мерзімінде темір абақтыда қылмыстың жазасын өтеуде.