«Заң мен тәртіп жолындағы жауапты қызмет»: полиция майоры Жеңіс Бақтыгерейұлы

«Заң мен тәртіп жолындағы жауапты қызмет»: полиция майоры Жеңіс Бақтыгерейұлы
Қызметке адалдық, кәсіби жауапкершілік пен этикалық мінез-құлық – құқық қорғау саласындағы әрбір қызметкердің басты қағидасы. Осындай ұстанымды өмірлік әрі қызметтік жолына берік серік еткен азаматтардың бірі – Атырау облысы полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының Процессингтік орталығының бастығы полиция майоры Жеңіс Бақтыгерейұлы Дәулетов.
 
Жеңіс Бақтыгерейұлы 1988 жылдың мамыр айында Атырау облысында дүниеге келген. Атырау инженерлік-гуманитарлық институтын тәмамдап, Отан алдындағы азаматтық борышын абыроймен өтеген соң, 2009 жылы ішкі істер органдарындағы қызмет жолын Жол полиция басқармасының инспекторы лауазымынан бастады. Қызмет барысында өзінің кәсіби біліктілігі мен еңбекқорлығын дәлелдеп, осы басқармада аға инспектор, кейін патрульдік полиция ротасында взвод командирі қызметтерін абыроймен атқарды. Көп жылғы тәжірибенің нәтижесінде 2022 жылдан бастап Әкімшілік полиция басқармасының Процессингтік орталығының бастығы қызметіне тағайындалып, қазіргі уақытқа дейін осы жауапты міндетті кәсіби түрде атқарып келеді. Жиырма жылға жуық уақытқа созылған қызмет жолында Жеңіс Бақтыгерейұлы үшін тәртіпке беріктік, халыққа адал қызмет ету және заң талаптарын қатаң сақтау әрдайым басты орында.
Өз құзыреті аясында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен тығыз байланыс орнатып, өзекті мәселелер бойынша нақты әрі уақтылы ақпарат береді. Бұл – полиция қызметінің ашықтығы мен сенімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.
 
Қызмет жолындағы ерен еңбегі мен кәсібилігі үшін Жеңіс Бақтыгерейұлы «ІІО үздігі» төсбелгісімен, «Мінсіз қызметі үшін» 10 және 15 жылдық медальдарымен, сондай-ақ «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталған.
 
Қызметтен тыс уақытта ол – отбасына жанашыр, төрт қыздың әкесі. Бос уақытын тиімді өткізуді жөн көретін Жеңіс Дәулетов жаяу серуендеуді, жүгірумен айналысуды әдетке айналдырған. Бұл оның салауатты өмір салтын ұстанып, жұмыс пен жеке өмір арасындағы үйлесімді сақтай білетінін аңғартады.
 
Қызметке деген адалдықты биік адамгершілік құндылықтармен ұштастыра білген Жеңіс Бақтыгерейұлы Дәулетов бүгінгі заман талабына сай полиция қызметкерінің оң бейнесін қалыптастырып келеді.