Атырауда заңсыз жүрген 18 шетелдік ел аумағынан мәжбүрлі түрде шығарылды

Атырауда заңсыз жүрген 18 шетелдік ел аумағынан мәжбүрлі түрде шығарылды
Атырау облысы аумағында соттың Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары шығару туралы шешімдерін орындаудан жалтарып жүрген шетелдіктерді анықтау, сондай-ақ шетел азаматтарының көші-қон заңнамасының сақталуын бақылау мақсатында көші-қон қызметі бөліністері кешенді іс-шаралар жүргізуде.
 
Аталған іс-шаралар барысында жыл басынан бері өңірде көші-қон заңнамасын бұзған 91 шетел азаматы анықталды. Олардың ішінде соттың ел аумағынан тысқары шығару туралы шешімін өз еркімен орындамаған 18 шетелдік мәжбүрлі түрде Қазақстан Республикасынан шығарылды. Айта кетейік, заң бұзған шетелдік азаматтар Маңғыстау облысы Бейнеу ауданында орналасқан «Тәжен-авто» бақылау-өткізу бекеті арқылы ел аумағынан тысқары шығарылып, оларға Қазақстанға 5 жыл мерзімге кері кіруге тыйым салынды.
 
Сонымен қатар, көші-қон заңнамасын бұзудың алдын алу мақсатында шетел азаматтары мен оларды қабылдаушы тараптар арасында түсіндіру-профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Құқықтық талаптарды сақтау, ел аумағында болу тәртібі мен мерзімдерін қатаң сақтау қажеттілігі туралы ескертулер беріліп, заң бұзушылықтарға жол бермеу бағытында тиісті шаралар қабылдануда.