«Киберқауіпсіздік»: Атырауда жас спортшыларға интернет-алаяқтықтан сақтану жолдары түсіндірілді

«Киберқауіпсіздік»: Атырауда жас спортшыларға интернет-алаяқтықтан сақтану жолдары түсіндірілді
Атырау облысы полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы Атырау облысы Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасына қарасты №4 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде 50-ден астам жас спортшымен кездесу өткізді. Кездесу барысында жас спортшыларға интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлері мен одан сақтану жолдары түсіндірілді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – спортпен шұғылданып, түрлі жарыстар мен оқу-жаттығу жиындарына белсенді қатысатын жасөспірімдердің цифрлық қауіпсіздігін арттыру. Себебі бүгінгі таңда спортшылар да әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді жиі пайдаланып, түрлі күмәнді ұсыныстар мен хабарламаларға тап болуы мүмкін.
Кездесу барысында тәртіп сақшысы интернет арқылы жасалатын қылмыстардан қорғану жолдары, алаяқтардың арбауына түсіп қалған жағдайда қандай әрекет жасау керектігі жөнінде жан-жақты ақпарат берді. Сонымен қатар интернет-алаяқтықтың негізгі түрлері атап өтіліп, алаяқтардың жиі қолданатын әдістеріне нақты мысалдар келтірілді. Әсіресе жалған инвестициялық жобалар, «фишинг» сілтемелер, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жасалатын алаяқтық тәсілдері кеңінен талқыланды.
- Атырауда жыл басынан бері 1000-нан астам қылмыс тіркелді. Алаяқтар көбіне WhatsApp, Instagram, Telegram, Facebook сияқты әлеуметтік желілерді пайдаланып, адамдарды алдап ақша бопсалайды. Кейде шетелдік нөмірлерден немесе жалған аккаунттар арқылы хабарласып, сенімге кіріп кетеді. Сондықтан жас спортшылар да бейтаныс адамдардан келген күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға сенбеуі қажет, — деді Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі полиция капитаны Дәурен Мұханбеталиев.