Атырауда полицейлер цифрлық іздестіру бағытындағы біліктілік курсынан өтті

Атырауда полицейлер цифрлық іздестіру бағытындағы біліктілік курсынан өтті
Атырау облысы полиция департаментінде цифрлық ортадағы іздестіру іс-шараларына арналған 4 күндік оқу курсы өтті. Оқу курсына жедел криминалистика және киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері қатысып, цифрлық іздерді анықтау, OSINT әдістерін қолдану және жеке тұлғаны цифрлық деректер арқылы сәйкестендіру бағыттары бойынша білім алды.
 
Бағдарлама аясында оқу курсының кеңесшісі, цифрлық іздестіру және интернет-талдау саласындағы сарапшы Виталий Перов тәртіп сақшыларына ашық дереккөздермен жұмыс істеу, әлеуметтік желілер мен цифрлық платформаларда жедел іздеу жүргізу, интернет кеңістігіндегі анонимділікті талдау, сондай-ақ провайдерлер мен онлайн сервистерге сұраныстарды негіздеу тәртібін түсіндірді.
 
Сонымен қатар цифрлық тасымалдаушыларды халықаралық стандарттарға сәйкес тәркілеу, деректердің тұтастығын сақтау және цифрлық дәлелдемелерді талдау дағдылары талқыланды. Курс соңында қатысушылар оқу бағдарламасын толық игеріп, цифрлық дәлелдемелермен жұмыс істеу бойынша кәсіби дағдыларын жетілдірді.