Сұлтанбек Кенжеев: «Халыққа жанашыр болу – басты талап»

Сұлтанбек Кенжеев: «Халыққа жанашыр болу – басты талап»
Қарапайым халықпен бірге қайнаған тіршілік ортасында қауіптің алдын алу үшін жүретіндердің бірегейі – учаскелік полиция инспекторлары.
 
Сұлтанбек Кенжеев – Атырау облысының тумасы. Қарапайым отбасынан шыққан жігіт бала күнінен-ақ форма киген абыройлы қызметкерлерге ұқсап, болашақта ел қорғаны болуды армандады. Мектеп қабырғасында жүргенде спортқа қызығушылығы оянып, қазақша күреспен шұғылданды. Адамдарға көмектесуді өмірлік мұраты санаған ол Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде білім алуға бел буды. Жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін арманы айқын, мақсаты нық Сұлтанбек сәті түсіп, ҚР ІІМ Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясында екі айлық арнайы дайындыққа қабылданады. Екі айлық казармалық өмір оны темірдей тәртіпке, жауапкершілікке, жылдам шешім қабылдауға үйретті. Оқуды сәтті аяқтаған соң, 2024 жылы лейтенант шенін иеленді. Алғашқы еңбек жолын Атырау қаласы полиция басқармасы №2 учаскелік полиция пунктінің учаскелік инспекторы болып бастайды.
 
Тәртіп сақшысы қызметтің жауапкершілігі мен күрделілігін жақсы түсінеді. Оның айтуынша, учаскелік инспектор тек заңды білетін маман ғана емес, ең алдымен – психолог.
 
– Бізге жүгінген әр азаматқа жеке тәсіл табу – міндет. Себебі қызмет барысында түрлі мінез-құлықты адамдармен сөйлесеміз. Әр жағдайға салқынқанды қарап, алдын ала ойланып әрекет ету қажет. Мысалы, отбасылық жанжал туындаған кезде алдымен ер азаматты бір жаққа шығарып, әйелінің жағдайын тыңдаймыз. Арызын қабылдаймыз, келесі күні күйеуінің де жағдайын сұрап, екі тараптың да уәжін тыңдап барып, дұрыс шешім қабылдаймыз. Сондықтан біздің жұмысымызда психолог та, медиатор да болу аса маңызды, – дейді Сұлтанбек Кенжеев.
 
Жас офицер әріптестеріне ештеңеден қорықпай, алдыға ұмтылуға шақырады. Ол үшін үздіксіз іздену, спортпен айналысу, өз-өзіңді шыңдау – кәсіби өсудің негізгі жолы екенін айтады. Сонымен қатар басқа салада жұмыс істеп жүріп полицияға келген жас мамандарға да қолдау көрсетіп, тәжірибесімен бөлісуге әрдайым дайын.
 
Сұлтанбек Кенжеев үшін учаскелік инспектор болу – тек жұмыс емес, халықпен бірге тыныстап, олардың қауіпсіздігі үшін жан аямай қызмет ету. Ол бұл жолды өзіне абырой мен сенім артқан халық алдындағы жауапкершілік деп біледі.