Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде Жастар саясаты департаментінің ұйымдастыруымен киберқауіпсіздік тақырыбында бейнероликтер байқауы өтті. Байқаудың басты мақсаты – жастар арасында интернет алаяқтықтың алдын алу және киберқауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру.
Шара барысында қатысушылар интернеттегі алаяқтық түрлері, жеке деректердің қауіпсіздігі және әлеуметтік желілердегі фишингтік шабуылдар туралы бейнероликтер ұсынды.
Қазылар алқасының құрамында Атырау облысы полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел уәкілі, полиция капитаны Дәурен Мұханбеталиев, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметінің офицері, Жастар саясаты департаментінің бөлім басшысы және басқа да сарапшылар болды. Тәртіп сақшысы студенттердің киберқауіпсіздік бағытындағы шығармашылық жобаларына жоғары баға беріп, интернеттегі алаяқтықтың қазіргі әдістері мен олардан қорғану жолдары жөнінде айтты. Оның айтуынша, мұндай бастамалар жастардың ақпараттық қауіпсіздік деңгейін арттырып, киберқылмыстардың алдын алуға ықпал етеді.
Конкурс нәтижесі бойынша І орынды – Экономика және құқық факультетінің студенті Диас Тажкенов, ІІ орынды – Физика, математика және ақпараттық технологиялар факультетінің студенті Мирас Кенжеғалиев, ал ІІІ орынды – Экономика және құқық факультетінің студенті Нұрсәуле Серік иеленді.
Аталған байқау жастардың киберқауіпсіздік саласына қызығушылығын арттырып, интернет алаяқтыққа қарсы тұру мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болды.