Атырау облысында соңғы жылдары салауатты өмір салтын ұстануға бағытталған бастамалар кеңінен қолдау тауып келеді. Қоғамдық тыныштық пен ұрпақтың болашағын ойлаған ауылдар «Заң мен тәртіп» қағидатын берік ұстанып, жақсы үлгі көрсетуде. Солардың бірі – Махамбет ауданына қарасты Еңбекшіл ауылы. Бүгінде ауылда 47 үй, 272 адам бар. Шағын ғана елді мекен болғанымен, әр үйдің есігі айқара ашық, адамдардың арасы жақын, бірінің қуанышы – бәріне ортақ. Мұнда бір мектеп, медициналық пункт және күнделікті тұрмысқа қажетті тауарларды ұсынатын жалғыз дүкен жұмыс істейді.
Махамбет аудандық полиция бөлімі Қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесі бастығының міндетін атқарушы, полиция майоры Айдос Сейтқазиевтің айтуынша, ауылдағы тыныштық пен тәртіп – адамдардың өзара түсіністігінің нәтижесі.
- Биыл ауыл тұрғындары өзара келісе отырып, ішімдік сатуға да, ішуге де мүлде тыйым салуды ұйғарды. Қазір ауылға келсеңіз, тыныштық пен татулық орнаған. Адамдардың ой-санасы өзгеріп келеді – ішімдіксіз өмірдің сәні мен мәні бар екенін түсінді, – деді полиция майоры.
Еңбекшіл – еңбекті қадірлейтін, бірлігі бекем ауыл. Таң ата еңбекке кірісіп, кешкісін бәрі бір дастарқан басына жиналады. Қонақ келсе, төрден орын ұсынып, жылы шырай таныту – бұл жерде өмір салтына айналған дәстүр. Ауыл ақсақалдары жастарға өнеге айтып, татулық пен өзара сыйластықты үнемі насихаттап отырады. Осындай бауырмалдық пен ортақ жауапкершілік арқасында мұнда дау-жанжал да, ұрыс-керіс те жоқ.
Қазір Атырау облысында 50-ден астам елді мекен ішімдіктен бас тартқан. Мұндай ауылдарда қоғамдық тәртіптің деңгейі жоғары, тұрғындар арасындағы сыйластық та берік. Еңбекшіл ауылының өмір салты – қарапайымдылық пен тазалықтың жарқын үлгісі. Осындай өнегелі ауылдар көбейсе, еліміздің болашағы да жарқын болары сөзсіз.