Құрметті әлеуметтік желі қолданушылары!

Құрметті әлеуметтік желі қолданушылары!
Атырау облысында есірткі мен есірткі жасайтын заттардың заңсыз айналымын анықтап, таралуына тосқауыл қою мақсатында 1 маусым мен 31 қазан аралығында «Қарасора-2025» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.
 
Іс-шара аясында есірткімен байланысты 80 құқық бұзушылық, оның ішінде 50 қылмыс тіркелді. Заңсыз айналымнан жалпы салмағы 215 келіден астам есірткі, сондай-ақ аса ауыр санатқа жататын 1 келіден астам синтетикалық есірткі заты тәркіленді. Жүргізілген жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде заңсыз қызмет атқарған 2 «фито-зертхана» жойылды. Есірткілік мас күйде автокөлік тізгіндеген бірнеше азамат анықталып, заң аясында жауапкершілікке тартылды.
 
Жалпы, жыл басынан бері облыс аумағында 3 есірткі арнасы жойылып, есірткі тасымалдаумен айналысқан 28 күдікті ұсталды. Тергеу барысында олардың есірткіні еліміздің өзге өңірлерінен Атырау облысына жеткізіп, сату мақсатында әрекет еткені анықталды. Ұсталғандардың 11-і – өзге облыстардан келгендер, ал 5 күдікті – кәмелетке толмағандар, олардың қатарында колледж студенттері мен мектеп оқушылары бар екені белгілі болды. Полиция қызметкерлері еріктілермен бірлесіп, қала көшелерінде есірткіні жарнамалайтын 80-нен астам граффити жазбаларын жойды. Сонымен қатар, күн сайын жүргізілетін интернет-мониторинг барысында есірткі заттарын насихаттайтын 1140 сайт анықталып, олардың барлығы Ішкі істер министрлігіне бұғаттауға жолданды. Жастар мен жасөспірімдер арасында нашақорлықтың алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында жыл басынан бері 800-ге жуық профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды. Оған оқу орындары, үкіметтік емес ұйымдар және еріктілер белсене атсалысты.
 
Атырау облысы полиция департаменті алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып, тұрғындар арасында есірткіге қарсы иммунитет қалыптастыруға, сондай-ақ жастарды зиянды әдеттерден сақтандыруға бағытталған іс-шараларды тұрақты негізде өткізіп отырады.