Погондағы нәзік жан - Гүлшат Сүлейменқызы

Погондағы нәзік жан - Гүлшат Сүлейменқызы
Қоғам тыныштығын күзету – үлкен жауапкершілік пен ерлікке толы міндет. Бұл жолда күн-түн демей қызмет етіп жүрген полиция қызметкерлерінің еңбегі қашанда құрметке лайық. Ал сол ауыр салада ерлермен қатар иық тірестіріп, өз ісіне адалдықпен кірісіп жүрген нәзік жандардың орны ерекше. Осындай қайсар да табанды, сонымен бірге аналық мейірім мен адамгершілік қасиетті қатар ұстаған жанның бірі – полиция подполковнигі Гүлшат Сүлейменқызы Қабдирова.
 
Гүлшат Сүлейменқызы ішкі істер органдарындағы еңбек жолын Атырау қалалық Ішкі істер басқармасының криминалдық полиция бөлімінің кіші жедел уәкілі қызметінен бастаған. Қызметіне деген шынайы ықыласы мен табандылығының арқасында ол бұл салада 20 жылдан астам уақыт абыроймен еңбек етіп келеді. Қазіргі таңда Атырау облысы полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі болып, ел тыныштығы жолында мінсіз қызмет етіп келеді.
 
- Бұл салада талап бәрімізге бірдей. Иә, мен – әйелмін, бірақ қызметке келген сәттен бастап мен ең алдымен полиция қызметкерімін. Қажет болса, құқық бұзушыны ұстап, залалсыздандыру да, атыс дайындығы мен физикалық шынығу да біздің күнделікті міндетіміздің бір бөлігі. Қызметте ер немесе әйел екенің емес, кәсіби білігің мен жауапкершілігің маңызды,-дейді полиция подполковнигі.
 
Қай істе де адалдық пен жауапкершілікті ту еткен офицердің еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол «ІІО үздік қызметкері», сондай-ақ ІІМ грамотасымен, «Мінсіз қызметі үшін – 20 жыл», «Қылмыстық іздестіру қызметіне – 105 жыл» медальдарымен және «Ақжол» партиясының «Еңбегім еліме» құрмет белгісімен марапатталған. Қызмет пен отбасы жауапкершілігін қатар алып жүрген Гүлшат Сүлейменқызы – бес баланың анасы. Үш ұл мен екі қыз тәрбиелеп отырған ол – жұмыста талапшыл, өмірде мейірімді, отбасында үлгілі ана мен асыл жар.
 
Гүлшат Сүлейменқызының өмір жолы – табандылық пен төзімнің, рухани беріктік пен парасаттың айқын көрінісі. Ол – ел тыныштығы үшін ерен еңбек етіп жүрген нағыз батыл әйелдің бейнесі.