Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде «Қаржы және есеп» кафедрасының ұйымдастыруымен, Қазақстан Республикасы Банктер қауымдастығы мен Ұлттық Банктің Антифрод-орталығының бастамасымен студенттік жобалар мен зерттеулердің республикалық конкурсының І кезеңі өтті. Байқаудың басты мақсаты – қаржы және банк секторының дамуына серпін беретін инновациялық жобаларды анықтау мен қолдау, студенттердің шығармашылық белсенділігін арттыру және олардың цифрлық сауаттылығын дамыту болды. Ұсынылған жобалар қаржы және инвестиция, криптоиндустрия, финтех пен жасанды интеллект салаларындағы заманауи шешімдерді қамтыды.
Қазылар алқасының құрамында қаржы және банк ісі, киберқауіпсіздік пен талдау саласының тәжірибелі мамандары, сондай-ақ Атырау облысы полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы полиция подполковнигі Айбек Тлешов және басқа да сарапшылар болды. Айбек Тлешов студенттердің финтех, жасанды интеллект және цифрлық қауіпсіздік бағытындағы жобаларына сараптамалық баға беріп, киберқылмыстардың алдын алу тәжірибесімен бөлісті. Оның айтуынша, мұндай бастамалар жастардың ақпараттық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырып, киберқауіпсіз қоғам құруға жол ашады.
Конкурс нәтижесі бойынша І орын – «Qamqor OS – Қазақстандағы RegTech және FinTech трансформациясының жаңа кезеңі» жобасына, ІІ орын – «MindFort» ақылды қамал және «AI Personal Finance Planner» жобаларына берілді. Ал ІІІ орын – «AI негізіндегі жеке тұлғалардың қаржылық талдау және жоспарлау жүйесі» және «Қазақстан банк секторындағы цифрлық клиенттік тәжірибені оптимизациялауда нейромаркетингті қолдану» жобалары иеленді.
Аталған байқау студенттердің инновациялық әлеуетін ашуға, қаржы саласында жаңа идеялардың дамуына және жастардың цифрлық әрі қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған маңызды қадам болды.