Жол қозғалысы ережелерін сақтау – бұл тек заң талабы ғана емес, ең алдымен адам өмірі мен қауіпсіздігіне деген жауапкершіліктің көрінісі. Өкінішке қарай, жол үстінде тәртіп бұзу, жылдамдықты шамадан тыс арттыру, сондай-ақ көлік құралын басқару құқығынан айырылған тұлғалардың рөлге отыруы – жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің бірі.
Осыған байланысты Атырау облысы аумағында 21-23 қазан күндері аралығында өткізіліп жатқан республикалық «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Атырау облысы полиция департаментінің патрульдік полиция ротасының қызметкерлері республикалық маңызы бар тас жолдарда және елді мекендер аумағында жол қозғалысы қағидаларының өрескел бұзылуын анықтау бойынша тексерулер жүргізуде.
Басты назар — көлік құралын мас күйде басқару, жылдамдықты шамадан тыс асыру, қарама-қарсы қозғалыс жолағына шығу, қауіпті маневр жасау, сондай-ақ жолаушылар мен ауыр салмақты жүктерді тасымалдау ережелерін бұзу фактілерін анықтауға бағытталған.
Полиция қызметкерлері барлық жүргізушілерге жол белгілерін қатаң сақтау, жылдамдық режимін бұзбау және сақтық шараларына ерекше мән беру қажеттігін ескертеді. Әрбір жүргізуші ең алдымен өз өмірі мен өзгенің өмірі үшін жауапты екенін ұмытпауы тиіс.