Ұлы Отан соғысы ардагері Жұма Медетовке арналған мемориалдық тақта ашылды

Ұлы Отан соғысы ардагері Жұма Медетовке арналған мемориалдық тақта ашылды
Атырауда 17 қазан күні Ұлы Отан соғысының және ішкі істер органдарының ардагері, милиция полковнигі Жұма Медетовке арналған мемориалдық тақтаның ашылу салтанаты өтті.
Салтанатты шараға Атырау облысы полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Ерлан Биғамбаев, ардагердің ұрпақтары, оның ұлы Серік Жұмиев, қызы Раушан Медетова, сондай-ақ Ардагерлер кеңесінің төрағасы, Медетовтер әулеті мен Құрметті ардагерлер қатысты. Іс-шара барысында қатысушылар Жұма Медетовтің елге сіңірген еңбегін, соғыстағы және ішкі істер саласындағы қызмет жолын еске алып, ардагер рухына тағзым етті. Мемориалдық тақтаны ашу рәсімін полиция полковнигі Ерлан Биғамбаев пен құрметті қонақтар жүзеге асырды.
Жұма Медетовтің өмір жолы – елге адал қызмет етудің жарқын көрінісі. Ол 1920 жылы 1 сәуірде Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданы Төлен ауылында дүниеге келген. Жұма Медетов Ұлы Отан соғысына қатысып, Орталық, Украин және Беларусь майдандарында ерлік көрсеткен. Соғыстан кейін ішкі істер органдарында абыройлы қызмет етіп, Гурьев облыстық милиция басқармасында түрлі басшылық лауазымдар атқарған.
 
Ардагердің еңбегі мен ерлігі жоғары бағаланып, ол «Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Жауынгерлік еңбегі үшін» медальдарымен және бірнеше мемлекеттік марапаттармен наградталған. Мемориалдық тақта ардагердің Атырау қаласы, Сатпаев даңғылында орналасқан үйінің қабырғасына орнатылды.
 
Елге қызмет еткен батыр тұлғалардың есімін, олардың ерлігі мен еңбегі әрқашан жас ұрпақтың жадында қалмақ.