Атырау облысы полиция департаментінде есірткі құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Іс-шараға кеңес мүшелері, мемлекеттік уәкілетті органдар мен азаматтық қоғам өкілдері қатысты.
Шараның басты мақсаты – нашақорлық пен есірткінің заңсыз айналымына қарсы күресте полиция мен қоғам арасындағы өзара іс-қимылды күшейту.
- Полиция қызметінің негізгі бағыттарының бірі — есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл атқару. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұл мәселеге ерекше назар аударып келеді. Бұл - ең алдымен ұлттың генофондын сақтау мәселесі. Кеңес құрылған күннен бастап сіздер өз тәжірибелеріңізбен және белсенділіктеріңізбен оның тиімді жұмысына үлес қосып келесіздер, — деді Атырау облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Құттыбай Садықов.
Кеңестің негізгі міндеттеріне - нашақорлық пен есірткі қылмысының алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау, жастарды есірткіге қарсы қоғамдық жұмыстарға тарту және профилактикалық іс-шараларды кеңінен жариялау кіреді.
Айта кетейік, биыл Кеңес мүшелері тарапынан 30-ға жуық іс-шара ұйымдастырылған. Бұл жолғы жиында Кеңестің қызметіне талдау жасалып, жаңа мүшелер қабылданды. Кеңес төрағасы оларды таныстырып, төсбелгілерін табыс етті.
- Жаңа ынтымақтастықтың арқасында біз есірткі қатеріне қарсы тиімді шаралар қабылдай аламыз. Кеңес жұмысына белсенді қатысып, қоғам игілігі үшін еңбек ететініңізге сенемін, — деді полиция полковнигі Құттыбай Садықов.
Сондай-ақ, «Заң және тәртіп» қағидаты аясында өткен жиында аймақтағы есірткі қылмысының алдын алуға бағытталған жаңа бастамаларды талқылаумен қорытындыланды.