«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында оқушыларға құқықтық дәріс өтті

«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында оқушыларға құқықтық дәріс өтті
Қоғамның тұрақтылығы мен қауіпсіздігі ең алдымен заңды құрметтейтін және құқықтық жауапкершілікті сезінетін азаматтарды тәрбиелеуден басталады. Осы мақсатта тәртіп сақшылары облыстық дарынды балаларға арналған «Ұстаз» мектеп-интернатының оқушыларымен кездесу өткізді. Іс-шара «Заң мен тәртіп» қағидасын ілгерілету және жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында ұйымдастырылды.
Кездесу барысында оқушыларға құқық бұзушылық пен қылмыстың салдары, заң талаптарын сақтау мен өз құқықтарын білу және қорғаудың маңызы туралы кеңінен түсіндірілді. Полицейлер кәмелетке толмағандар арасында жиі кездесетін құқық бұзушылық түрлеріне тоқталып, одан сақтанудың жолдарын айтты.
Сонымен қатар, жасөспірімдерге интернеттегі алаяқтықтан сақ болу, есірткі заттарының зияны мен заңсыз айналымының салдары, суық қаруды заңсыз ұстаудың жауапкершілігі туралы нақты мысалдар келтірілді.
Кездесу соңында оқушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, полиция қызметкерлерінен нақты жауаптар алды. Мұндай профилактикалық іс-шаралар жас ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздік қағидаттарын нығайтуға бағытталған.