«Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында Атырау облысының Жедел басқару орталығы қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында заманауи цифрлық шешімдерді кеңінен қолданып келеді. Бүгінде қала аумағында 8 600-ден астам бейнебақылау камерасы орнатылған. Соның нәтижесінде жыл басынан бері 16 мыңға жуық әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, «102» арнасына 45 мыңнан астам хабарлама тіркелді.
Орталықтағы жұмыс «102» нөміріне келіп түскен қоңыраудан басталады. Оператор азаматтың шағымын қабылдап, деректерді жүйеге енгізеді. Одан кейін ақпарат тиісті бөлімшелерге бағытталады:
• Жол-көлік оқиғасы – жол полициясына;
• Отбасындағы зорлық-зомбылық – әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөліміне;
• Ұрлық – жедел-тергеу тобына;
• Көші-қон режимін бұзу – көші-қон қызметіне.
Мәселен, Жедел басқару орталығының қызметкерлері Қаныш Сәтпаев пен Әлия Молдағұлова көшелерінің қиылысында Hyundai Elantra автокөлігінің жүргізушісі қауіпсіздік белдігін тақпай келе жатқанын анықтады. Аталған дерек бойынша патрульдік полицияға бағыттама беріліп, жүргізушіге қатысты әкімшілік шара қолданылды.
Жедел басқару орталығы бүгінде қалалық қауіпсіздіктің негізгі тірегіне айналды. Әсіресе «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде мектептер мен базарлардан бастап, көпқабатты үйлердің кіреберістеріне дейінгі аумақты бірыңғай цифрлық бақылаумен қамтып отыр. Бейнебақылау камераларының көмегімен құқық бұзушылық деректері уақытылы анықталып, патрульдік полицияға жедел бағыттама беріледі. Бұл өз кезегінде учаскелік инспекторлардың жұмысын жеңілдетіп, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге зор мүмкіндік туғызуда.