Атырауда қала тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде Жедел басқару орталығының қызметкерлері тәулік бойы тынымсыз еңбек етеді. Бүгінде қала аумағында 8 600-ден астам бейнебақылау камерасы орнатылған. Тек жыл басынан бері бейнекамералар арқылы 15 819 әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, 102 арнасына 45 мыңнан астам хабарлама түскен.
Орталықтағы бейнекамералардың 3 782-і «Target eye» бағдарламасына қосылған, олар қозғалмалы, стационарлы болып бөлінеді. Бұған қоса, қала көшелеріндегі «Интерсептор» жүйесіне қосылған 27 интеллектуалды камера қылмыстық автокөліктерді, жалған немесе ұрланған нөмірлерді, айыппұлын төлемеген борышкерлерді анықтайды.
Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету - бөлек жауапкершілік. «Сергек» жүйесі бойынша іске қосылған 1 997 камераның 612-сі жол қиылыстарында жұмыс істеп тұр. Бұл камералар бір-бірімен интеграцияланып, бірыңғай қауіпсіздік желісін құрайды.
Сондай-ақ, қауіпсіздікті арттыру үшін халық көп жиналатын жерлерге, яғни вокзал, әуежай, сауда орталықтары мен алаңдарға 16 «SOS» жүйесі орнатылған. Жыл басынан бері олар арқылы жеті төтенше хабарлама тіркелді. Мектептер де бақылауда қаладағы 100 орта мектептің 84-інде «SOS» дабыл батырмасы іске қосылған.
ЖБО қызметкерлерінің күнделікті жұмысы көбіне көзге көрінбейді. Бірақ осы көрінбейтін еңбек талай оқиғаның алдын алып отыр. Мәселен, көпірден секірмек болған адамдар немесе терезеден құлауға шақ қалған балаларды дер кезінде құтқару - олардың қырағылығының арқасы. Бейнебақылау арқылы операторлар қауіпті сәтті байқап, GPS жүйесі арқылы жақын маңдағы полиция жасағын бағыттайды. Мұндайда әр секунд адам тағдырын шешеді.
Жедел басқару орталығының бір күні - қала тұрғындарының қауіпсіздігі үшін уақытпен жарысқан жауапкершілікке толы еңбек.