«Tungi run»: Атырауда нашақорлықтың алдын алу мақсатында жүгіру марафоны өтті

«Tungi run»: Атырауда нашақорлықтың алдын алу мақсатында жүгіру марафоны өтті
Халықаралық жастар күніне арналған онкүндік аясында Атырау облысы полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен Атырау облысы Ішкі саясат басқармасы ерекше форматтағы “Tungi run” жүгіру марафонын өткізді. Марафонға 18 бен 35 жас аралығындағы 250-ден астам қала тұрғындары қатысып, 3 және 5 шақырымдық қашықтықта өз шеберліктерін көрсетті. Шараның мақсаты – спорт арқылы жасөспірімдер мен ересектер арасында салауатты өмір салтын насихаттау, есірткі қылмысын болдырмау және нашақорлықтың алдын алу.
Мықтылардың арасынан оза шапқан спортшылар алтын, күміс және қола жүлделерді иеленді. Сонымен қатар қатысушылардың белсенділігін арттыру үшін арнайы номинациялар ұсынылды. Атап айтқанда, “Ең көңілді қатысушы”, “Ең жас қатысушы” және “Үздік костюмдегі жүгіруші” марапатталып, естелік сыйлықтарға ие болды. Жеңімпаздарға Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы атынан бағалы сыйлықтар табысталды.
- Жастардың денсаулығы – еліміздің салауатты болашағының кепілі. Жүгіру марафоны сияқты спорттық шаралар жасөспірімдерге өз қабілеттерін шыңдауға, жеңіске ұмтылу арқылы салауатты өмір салтын қалыптастыруға көмектеседі. Сонымен қатар мұндай іс-шаралар жастарды есірткіден алшақ ұстауға, зиянды әдеттердің алдын алуға ықпал етеді. Біздің басты міндетіміз – жастардың бойында спортқа деген сүйіспеншілікті арттырумен қатар, оларды қауіп-қатерден қорғау, – деді Атырау ҚПБ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімнің бастығы Алмас Дәулетқалиев.