17 тамыз – Спорт күні қарсаңында Атырау облысы полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы және Бұқаралық спортты дамыту спорт клубы «Спорт – есірткіге қарсы» тақырыбы аясында күш пен шеберлікті талап ететін спорт түрі болып саналатын армрестлингтен жарыс ұйымдастырды.
Шараға әртүрлі жастағы 40-қа жуық қала тұрғындары қатысып, 70-90 келі салмақ дәрежесінде өз шеберліктерін көрсетті. Жарыс барысында спортшылар тек қол күресіп қана қоймай, сонымен қатар турникке тартылу, брустағы жаттығулар мен гір көтеру сынды шыдамдылық пен төзімділікті қажет ететін спорт түрлерінен де сынға түсті. Іс-шараның басты мақсаты – спорт арқылы жасөспірімдер мен ересектер арасында салауатты өмір салтын дәріптеу, есірткі қылмысының алдын алу және жастарды зиянды әдеттерден бойын аулақ ұстауға шақыру. Мықтылар бақ сынасқан жарыста үздіктердің қатарынан көрінген 9 спортшы алтын, күміс және қола жүлдені қанжығасына байлады. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі полиция капитаны Есенжан Арысов жеңімпаздарды құттықтап, бағалы сыйлықтарды табыс етті.
- Бүгінгі жарыс – тек күш сынасу емес, жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, оларды салауатты өмір салтына баулу. Біз жастардың бос уақытын пайдалы іспен өткізуін қолдаймыз. Өйткені спорт – денсаулықтың ғана кепілі емес, ол есірткі мен зиянды әдеттерден алшақ болудың ең дұрыс жолы. Мұндай шаралар жастарды ынталандырып, олардың болашаққа дұрыс қадам жасауына ықпал етеді,- деді полиция капитаны Есенжан Арысов.