Үй жануарларының иелері мен тас жолдарда жүргізушілерге түсіндірме жұмыстары жүргізілуде

Үй жануарларының иелері мен тас жолдарда жүргізушілерге түсіндірме жұмыстары жүргізілуде
Атырау облысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жол сақшылары тәулік бойы қызмет атқарып, жүргізушілерге түсіндірме жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеді. Дегенмен, жүргізушілер тарапынан жол қозғалысы ережелерінің өрескел бұзылуы салдарынан тас жолдардағы жол-көлік оқиғалары азаймай отыр.
Жыл басынан бері облыста 91 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 27 адам қаза тауып, 202 адам жарақат алған. Апаттардың алдын алу үшін жасырын патрульдеу, дрондар арқылы әуеден бақылау, жылдамдықты өлшеу құрылғылары және автобус пен жүк көліктерін нысаналы тексеру сияқты кешенді шаралар жүргізілуде.
Тас жолдардағы апаттардың бір бөлігі қараусыз үй жануарларының жолға шығуынан орын алады. Жыл басынан бері мұндай оқиғаларда 2 адам көз жұмып, 22 адам түрлі жарақат алған. 38 жануар иесі ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Үй жануарларының қатысуымен болған жол-көлік оқиғасы ең алдымен жануар иесіне және көлік иесіне материалдық шығын әкелетіні анық. Сондықтан мал иелері жануарлардың мойнына жарық қайтарғыш элементтер тағып, оларды қараусыз жайылымға жібермеуі тиіс. Бұл – апаттың алдын алудың ең тиімді тәсілдерінің бірі.
- Жүргізушілердің басты міндеті – жолда сақтық таныту, жылдамдықты асырмау, жол белгілерін қатаң сақтау, қауіпсіздік белдігін тағу. Бұл өз өміріңіз бен өзгенің өмірін қорғаудың кепілі. Ал үй жануарларының иелері қараусыз жайылымға жібермеуі керек, себебі жолға шыққан әр мал – ықтимал апат көзі. Біз қазір үй жануарларының иелері мен көлік жүргізушілеріне жеке-жеке түсіндірме жұмыстарын жүргізудеміз, – дейді Атырау облысы ПД ЖПҚБ жол қауіпсіздігін қадағалау тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы полиция подполковнигі Аманжол Жұмалиев.
Полиция департаменті тарапынан профилактикалық рейдтер мен жол қозғалысы ережелерін түсіндіру акциялары тұрақты түрде өткізілуде. Ауылдық елді мекендерде, тас жол бойындағы қауіпті учаскелерде және мал өтетін аймақтарда түсіндіру жұмыстары жалғасуда.
Құрметті жүргізушілер!
Жылдамдықты шамадан тыс асырмаңыздар, қауіпсіздік белдігін тағып жүріңіздер, жол ережелерін қатаң сақтаңыздар. Түнгі уақытта және көріну нашарлаған кезде аса сақтық танытыңыздар. Бір сәттік салғырттық орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін, ал әрбір жол қозғалысына қатысушы өз өмірі мен өзгенің өміріне жауапты екенін ұмытпауы тиіс.