Заң мен тәртіп күзетіндегі патрульдік полиция қызметкерлері

Заң мен тәртіп күзетіндегі патрульдік полиция қызметкерлері

Атырау қаласы полиция басқармасының патрульдік полиция батальоны – қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде алдыңғы шепте тұрған құрылым. Патрульдік батальон қызметкерлері күн сайын қала көшелерінде құқық бұзушылықтың алдын алу, заң талаптарының орындалуын бақылау және тұрғындардың тыныштығын сақтау бағытында қарқынды жұмыс атқарады.

Патрульдік полиция инспекторларының қызметтік міндеттері сан қырлы. Олардың басты міндеттерінің қатарына жол қозғалысын бақылау және реттеу, қоғамдық тәртіпті сақтау, сондай-ақ азаматтардың өтініштері мен шағымдарына жедел әрекет ету сынды бағыттар кіреді. Бұл жұмыстар инспекторлардың күнделікті қызмет кестесінің ажырамас бөлігі болып табылады.
Сонымен қатар, патрульдік полиция профилактикалық шараларға да баса назар аударады. Бұл бағыттағы жұмыс құқықбұзушылықтардың алдын алуға, олардың деңгейін төмендетуге және тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға септігін тигізеді.

Қызметтік міндетін атқару барысында полицейлерден жоғары кәсіби дайындық, темірдей тәртіп пен күйзеліске төтеп беретін психологиялық тұрақтылық талап етіледі. Әрбір шақырту – шұғыл шешім қабылдауды қажет ететін жауапты сәт. Қауіп-қатерге қарамастан, патрульдік полиция қызметкерлері өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарып келеді.

Бүгінде патрульдік полиция батальонының жеке құрамы тәулік бойы қызмет атқара отырып, Атырау қаласындағы қоғамдық тыныштық пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып отыр. Олар – заң мен тәртіптің сақшысы ғана емес, халық сенімінің тірегі.