Нашақорлықтың алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында Қызылқоға ауданында ауданаралық жастар форумы өтті. Форумға Атырау облысы полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері, аудан әкімдігі мен прокуратура өкілдері, сондай-ақ білім беру ұйымдарының ұстаздары мен белсенді жастар қатысты. Шара барысында жастармен ашық форматта профилактикалық кездесу өтіп, синтетикалық есірткі заттарының зияны, олардың қоғамда таралу деңгейі, адам ағзасына кері әсері және заңсыз айналымға байланысты туындайтын қылмыстық жауапкершілік туралы кеңінен ақпарат берілді. Қатысушылар тәртіп сақшыларына сұрақ қойып, нашақорлықтың зардаптары мен одан қорғану жолдары бойынша пікір алмасты.
Сонымен қатар, форум аясында жастарға арналған түрлі спорттық және зияткерлік ойындар ұйымдастырылып, белсенділік танытқан қатысушыларға Атырау облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері тарапынан естелік сыйлықтар табыс етілді.