Қоғамдық қауіпсіздіктің қырағы сақшысы - учаскелік полицей Әлихан Әміров

Қоғамдық қауіпсіздіктің қырағы сақшысы - учаскелік полицей Әлихан Әміров
«Учаскелік инспекторлардың әлеуетін одан әрі нығайту қажет. Себебі олар – іс жүзінде мемлекет пен қоғам арасындағы басты дәнекер. Жергілікті тұрғындар үшін учаскелік инспектор – қорғаушы, құқықтық кеңесші, тіпті әділдік іздегенде жүгінетін соңғы инстанция», – деп атап өтті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде сөйлеген сөзінде.
Расында, ел тыныштығын қамтамасыз етіп, қоғамдық тәртіпті сақтауда учаскелік инспекторлардың рөлі орасан зор. Жүктемесі ауыр, жауапкершілігі жоғары бұл қызмет – құқық қорғау органдарының халықпен тығыз байланысын қалыптастыратын маңызды буын.
Осындай жауапты міндетті арқалап жүргендердің бірі – Атырау қаласы полиция басқармасы №1 қалалық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік инспекторы полиция аға лейтенанты Әміров Әлихан Табиғатұлы. Ол 2000 жылы 20 қыркүйекте Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Самаркино ауылында дүниеге келген. Алдымен Каспий өңірінің қазіргі заманғы колледжін тәмамдап, кейін 2021 жылы Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетін бітірген. 2023 жылдың тамыз айынан бастап Атырау қаласы полиция басқармасында қызмет атқарып келеді.
Әлиханның күнделікті қызметі – тұрғындардың арыз-шағымдарын тыңдап, оларды шешуге бағытталады. Қылмыстың алдын алу, профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізу – бұл мамандықтың ажырамас бөлігі.– Учаскелік инспектор күн сайын түрлі оқиғаларға куә болады. Бізге келіп түсетін арыз-шағымдардың сипаты да әртүрлі. Қазір адамдар полициядан көмек сұраудан тартына бермейді. Түскен әрбір шағым – біз үшін маңызды, ешқайсысын назардан тыс қалдырмаймыз, – дейді Әлихан Әміров.
Оның кәсіби қырағылығы мен азаматтық жауапкершілігінің нақты бір көрінісі ретінде өткен жылғы оқиғаны айтуға болады. 2024 жылдың маусым айында отбасылық жанжал жөніндегі хабарлама бойынша оқиға орнына барған кезде, ол күдіктінің есірткі затын пайдаланатынын және оны қайдан алатынын анықтайды. Жедел уәкілдермен бірлесіп жүргізілген жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде есірткі өсіріп, сату дерегі әшкереленіп, іс сотқа жолданған.
Бұл – учаскелік инспектордың кәсіби шеберлігі мен міндетіне адал қарауының айқын дәлелі. Өз қызметін абыроймен атқаратын осындай мамандардың арқасында қылмыстың жолы кесіліп, бейбіт тұрғындардың қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі.