Республикалық маңызы бар тас жолдарда жол-көлік оқиғаларының орын алуына басты себеп – көлік жүргізушілерінің жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтамауы. Осы ретте, Атырау облысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Жол қауіпсіздігі күні – Ақжол» республикалық акциясы өтті.
Акция барысында патрульдік полиция ротасының қызметкерлері тас жол бойында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жүргізушілерге жол ережелерін қатаң сақтау, жылдамдықты белгіленген шектен асырмау, масаң күйде көлік құралын басқармау жөнінде ескерту жасады. Сонымен қатар, тәртіп сақшылары азаматтарды жолда сақтық танытуға, жаяу жүргіншілерге жол беруге және жолдағы жауапкершілікті сезінуге шақырды.