Учаскелік инспектордың бір күні — таңғы шақыртудан кешкі тексерулерге дейін, адам тағдырларымен тығыз байланысты толассыз әрекет. Бұл қызмет иелері үшін әр күн — жаңа жауапкершілік, жаңа сынақ, кейде адам өмірін құтқаратын шешуші сәт. Қоғам тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында олар ешқашан уақытпен санаспайды, демалыс пен мереке ұғымына бағынбайды. Солардың бірі — Атырау қаласы полиция басқармасының жергілікті полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы полиция аға лейтенанты Ануарбек Аманжолұлы Хамидоллаев. Полиция қызметкері болуды Ануарбек бала кезінен армандаған. Уақыт өте бұл арман нақты мақсатқа айналып, соған жету үшін тынбай білім алып, тәжірибе жинақтады. Бүгінде учаскелік полиция инспекторы азаматтардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау жолында табанды еңбек етіп келеді.
- Мен үшін ең маңыздысы – адамдардың маған сеніп, кез келген мәселемен ашық келе алуы. Сол сенімді ақтау – менің басты міндетім, – дейді полиция аға лейтенанты Ануарбек Аманжолұлы.
Күнделікті жұмысында адалдық пен әділдік – басты қағида деген ұстанымды ұстанып, адамдарға көмектесіп, олардың мәселесіне бей-жай қарамауды өзінің азаматтық әрі қызметтік парызы санайды. Полиция қызметкерінің бір күндегі жұмысы бәріміз ойлағандай жеңіл емес. Қоңырау шалған әрбір адамның артында уайым, кейде қорқыныш пен ашу жатады. Көбіне тұрмыстық жанжалдар, көршілер арасындағы түсініспеушілік, ұсақ құқықбұзушылықтар бойынша шақыртулар түседі. Алайда осындай шақыртулар ішінде Ануарбектің есінде қалған ерекше бір жағдай бар.
- Бала жоғалғаны туралы хабарлама келіп түсті. Бірнеше сағаттық іздестіруден кейін баланы аман-есен тауып, ата-анасына тапсырған кезде ананың жылап тұрып құшақтағаны — мен үшін ең үлкен марапат болды. Сол сәттегі көз жас пен алғыс — қызметімнің шынайы бағасын білдіргендей болды, - дейді ол.
Учаскелік полиция қызметкері үшін қауіпті сәттер – агрессияға бейім адамдармен бетпе-бет келген кезде туындайды. Әсіресе, алкоголь не есірткі әсеріндегі адамдармен жұмыс істеу қиын. Мұндай кезде сабыр сақтап, жағдайды ушықтырмай шешуге тырысады.
Айта кететін жәйт – 2024 жылдың көктемінде қызмет барысында ерекше оқиға орын алған. Кезекшілік кезінде тұрғын үй кешеніндерінің біріндк тұрғындар тарапынан шұғыл шақырту келіп түседі. Әйел адамның алкогольдік ішімдік ішкен күйде сегізінші қабаттан секірмек болғаны хабарланады. Оқиға орнына жедел жеткен Ануарбек әйелдің балконның сыртқы жағына шығып кеткенін, эмоционалдық жағдайының тұрақсыз әрі агрессивті екенін байқайды. Тұрғындардың айтуынша, әйел жалдамалы пәтерде уақытша тұрып жатқан қонақ болған. Оның әріптесі, полиция инспекторы Сейталиев Бейімбет дереу пәтер иесін анықтап, есікті ашқызып, әйелмен сабырлы үнмен сөйлесіп, сенімге кіруге тырысады. Ануарбек қолайлы сәтті пайдаланып, әйелді өміріне қауіп төндірмей балконнан тартып алып, қауіпсіз жерге шығарады. Жедел жәрдем мен тиісті қызметтер шақырылып, медициналық және психологиялық көмек көрсетіледі. Төтенше жағдай — күтпеген сәтте орын алатын, адам өмірі мен қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіретін жағдай. Мұндайда ең алдымен адамдардың қауіпсіздігіне басымдық беріп, жағдайды тез әрі дұрыс бағалап, шешім қабылдау қажет. Көбіне бәрі санаулы секундтармен өлшенеді. Сондықтан байсалды әрі кәсіби әрекет ету – басты талап. Ол қызметтегі міндетін жақсы түсініп, отбасыма көңілді теңдей бөлуге тырысатынын айтты.
- Ашық айту керек, тепе-теңдікті сақтау оңай емес. Кез келген уақытта жұмысқа шақырту түсуі мүмкін. Бірақ бәріне қарамастан, отбасыма жеткілікті уақыт бөлуге тырысамын. Бос уақытымда балаларыммен, жақындарыммен көбірек болуға мән беремін. Дегенмен, кейде бұл тепе-теңдікті үнемі ұстап тұру оңай соқпайды, – дейді полция аға лейтенанты.
Учаскелік инспектордың есінде ерекше сақталған тағы бір оқиға — жалғыз тұратын қарияны көршілері бірнеше күн бойы көрмей, алаңдап, полицияға хабар берген жағдай. Ануарбек келгенде қария ес-түссіз күйде жатқан. Жедел жәрдем шақырып, өмірін аман алып қалуға себепкер болды. Кейін әлгі қария көп алғысын білдірген.
- Учаскелік полиция инспекторы – қоғамға ең жақын тұрған құқық қорғау қызметкері. Сондықтан бұл қызметті атқару үшін тек заңды білу жеткіліксіз. Адамдардың сенім артатын адамы болу – бұл мамандықтың өзегіне айналуы керек, - деді полиция қызметкері.
Бұл мамандықты таңдаған адам тек форма киіп жүруді емес, алдымен халыққа адал қызмет етуді мақсат тұтуы тиіс. Оның айтуынша, полиция қызметкері болғысы келетін адам психологиялық және физикалық дайындықтан өтіп, ең бастысы – жүрегінде әділет пен жауапкершілік сезімін тәрбиелеуі керек.
- Форма кию – мәртебе, онымен қоса үлкен жауапкершілік. Полицей болу – бұл әрбір сөзің мен әрекетің үшін қоғам алдында есеп беру, – дейді Ануарбек Аманжолұлы.