Қылмысты ашу, дәлел табу және із кесу – мұның барлығы полицейлердің күнделікті міндеті. Ал Кинолог мамандар — арнайы үйретілген иттің серігі, баптаушысы әрі сенімді жетекшісі. Атырау облысы ПД Кинологиялық орталығының қызметкерлері күн сайын жан-жақты жаттығу жұмыстарын жүргізіп, қызметтік иттердің кәсіби дайындығын назарда ұстайды. Төртаяқты қөмекшілер — есірткі заттарын, жарылғыш құралдарды табу, із кесу және жоғалған адамдарды іздестіру сынды күрделі тапсырмаларды орындай алады.
- Қызметтік иттермен жұмыс – үлкен жауапкершілікті, шыдамдылықты және жануарға деген ерекше ықыласты талап етеді. «Қызметтік итпен байланыс – жай ғана жұмыс емес. Ол сенің серігің, қылмыс ашудағы көмекшің, кейде тіпті өміріңді аман сақтап қалатын жан. Біз олармен күнделікті жаттығу жасап, әрбір дағдыны шыңдаймыз», – дейді ПД Кинология қызмет орталығының кіші инспекто-кинологы полиция сержанты Айбар Батыров.
Бүгінде өңірде кинологиялық қызметте 11 қызметкер, 16 қызметтік ит қызмет атқарады. Есірткі және заңсыз заттар айналымының жолы кесілді. Бұл – кинолог пен оның төрт аяқты серігінің ерен еңбегінің айғағы. Кинолог мамандығы – жанкештілік пен төзімділікті талап ететін қызмет. Олар тәртіп пен тыныштық күзетінде үнсіз, бірақ нәтижелі еңбек етіп келеді.
Бұл саладағы мамандардың жұмысы қоғам қауіпсіздігін сақтауға қосқан маңызды үлес деуге толық негіз бар.