Гүлфарида Төлегенова: “Жүрісі күдік тудырды”

Гүлфарида Төлегенова: “Жүрісі күдік тудырды”
Атырау қаласы полиция басқармасы Жедел басқару орталығының бейнебақылау инспекторы полиция капитаны Гүлфарида Төлегенова бейнекамера көмегімен 5 айда ауыр қылмыстар санатындағы 50-ден астам қылмысты ашуға көмектескен. Оның ішінде бұзақылық, ұрлық, тонау, адам өлтіру қылмыстары бар. Ол мұндай күрделі істерді камерадағы бейнематериалды жіті қарап, тіпті адамның қимыл-қозғалысына, жүріс мәнеріне, әрекеттеріне, эмоцияларына дейін мән береді.
Мәселен, 22 мамыр күні сағат таңертеңгі 10 шамасында 102 арнасына қаладағы бір жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің (ЖШС) кеңсесіне кіріп, ішіндегі 40 миллион теңге көлеміндегі қаражат сақталған сейфті ұрлап кеткені жөнінде хабарлама келіп түскен. Гүлфарида дереу қызметіне кірісіп, оқиғаның таңғы уақытта шамамен 20 - 30 жастағы екі жас жігіттің қатысуымен жасалғанын анықтады. Қылмыс кәсіби деңгейде жоспарланған. Із қалдырмауға тырысып, бет-аузын жасырып, жылдам әрекет еткен. Алайда қылмыскерлердің әрекеті бейнебақылау инспекторының қырағылығынан көз жазып кете алмады. Бейнежазбадағы әрбір кадрды егжей-тегжейлі талдаған инспектор көліктің аула ішінде бірнеше мәрте орнын ауыстырған ер адамды және олардың екіге бөлініп жасаған іс-әрекеттерін қырағылығымен байқап қалған. Адамдардың қимыл-қозғалысы, жүріс-тұрысы, эмоциялық реакциясы, киіміндегі ерекшеліктері, бағыттары – бәріне мұқият назар аударған. Нәтижесінде ұрылардың қозғалыс бағыты анықталып, олар қай көшемен, қалай келгені және қай бағытқа кеткені және шамамен сейфті қай жерде бұзғандары толықтай бейнематериал арқылы дәлелденді.
Инспектордың кәсіби сезімталдығы мен аналитикалық қабілеті арқылы тергеу тобына нақты бағыт беріліп, күдіктілер қылмыстың ізі суымай ұсталды. Бұдан басқа бейнебақылау инспекторы Гүлфариданың ерекше қабілетін ашқан өткен жылы бір қылмыстық оқиға орын алды. Қылмыскер әр басқан қадамын, тіпті уақытын, мезгілін жоспарлап, үш эпизодтық тонау фактісін жүзеге асырған. Ол өзінің қаруымен жедел ақша ұсынатын мекеменің біріне барып, қару кезеніп ақша тонаған. ЖБО қызметкері бейнематериалды зерделеу барысында ерекше сәтті көзге ілген.
- Бейнебақылауды зерделеп отырғанымда, қараша айында далада қысқа жейде киіп, маңдайынан терін сүртіп келе жатқан ер адамды байқадым. Содан сол жігіттің ізін бақыладым, әлгі мекемеге кімдердің қалай кіріп- шыққанын, қандай бағытта жүргенін, қолында не болғанын - бәрін мұқият сараладым. Сөйтсем, бейнекамералар жоқ көшелер арқылы кіріп-шығып, киімін ауыстырған- дейді қырағы полицей.
Логикалық ойлау жүйесі мен қырағылығы арқылы сол 20–25 жас шамасындағы ер адамның ізіне түсіп, оның қай сәтте келгені, кеткені, киім киісі, қай аулаға, қай үйге барғанына дейін анықтаған. Ол бір сәттік көріністі емес, жалпы мінез-құлықтың үлгісін зерделеу арқылы басты күдікті бейнежазбадағы адамның жүрісі арқылы анықтап, сол арқылы тергеу тобына нақты бағыт пен дәлелдер ұсынып, көмектескен.
Гүлфарида Төлегенова Ақылбекқызы Ішкі істер органдарына 2015 жылы қызметке орналасқан. Алғашында Ақпараттық-аналитикалық бөлімшесінің техник лауазымынан бастадым, кейін Көші-қон басқармасында және 2020 жылы Жедел басқару орталығына ауысқан. Бүгінде ол – технология мен интуицияны үйлестіре білетін, жұмысына мұқият, нағыз кәсіби маман.
- Мен қылмыс ашу кезінде өзге нәрселерге алаңдамаймын. Назарымды тек соған ғана арнаймын. Өйткені, бейнекамерадан анықтау кезінде кейбір минуттардан көз жазып қалсақ, қылмысты анықтауда шикілік кетеді. Мен өз жұмысымды жақсы көремін. Бұл қызмет дәл өзіме арналғандай- дейді полиция капитаны.