Атырау облысы аумағында 20 мамыр - 20 маусым аралығында “Қауіпсіз жол” іс-шарасы аясында республикалық «Жолда қабылдау» акциясы өтті. Іс-шара патрульдік полиция батальоны, әкімшілік полиция бөлімі, жергілікті полиция қызметі бөлімі бірлесуімен ұйымдастырылды.
Акция барысында мамандар жол қозғалысына қатысушыларға құқықтық кеңес беріп, қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғаларының алдын алу, көші-қон заңнамасын сақтау сияқты маңызды мәселелер бойынша тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.
Бұдан бөлек, полиция қызметкерлері көлік жүргізушілеріне жол-көлік оқиғаларына себеп болатын факторлар туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, арнайы брошюралар таратты.
— “Жолда қабылдау” акциясының басты мақсаты — қала тұрғындары мен қонақтарына жаяу жүргіншілер мен жүргізушілердің жол қозғалысы ережелері, жол-көлік оқиғаларының алдын алу, сондай-ақ басқа да көкейкесті сұрақтар бойынша кеңес беру және ақпараттандыру болып табылады — деді Атырау ҚПБ патрульдік полиция батальоны командирінің қызмет жөніндегі орынбасары Өсер Жәңгірхан.
Егер полиция қызметкерлеріне қатысты сұрақтарыңыз немесе ұсыныстарыңыз болса, аталған акцияға белсенді түрде қатысып, пікір білдіре аласыздар.