Атырау облысы полиция департаментінде ҚР Ішкі істер министрлігінің Заң мен норма шығармашылығын үйлестіру департаменті бастығының орынбасары Олжас Мұратұлы Шариповтың төрағалығымен кеңес отырысы өтті.
Кеңесте құқық қорғау саласындағы заң қызметтерінің жұмысын жетілдіру, құрылымдық өзгерістер мен тиімділікті арттыру мәселелері қаралды. Алқалы отырысқа сот жүйесінің, прокуратураның, мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өңірдегі департаменті, қазынашылық құрылымының өкілдері, сондай-ақ Атырау облысы ПД басшылығы мен Ақтөбе, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарының полиция департаменттеріндегі Заң бөлімдерінің басшылары қатысты.
Кеңес барысында қызмет кезінде туындайтын негізгі даулы мәселелер мен оларды сотта қарау тәжірибесіндегі мысалдар талқыланып, ұсыныстар енгізілді.
Олжас Шарипов заң бөлімдерінің жұмысы ІІМ жүйесінде ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Құқықтық бақылауды күшейту және заң талаптарының мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету бүгінде заң үстемдігінің айқын көрінісі екенін жеткізді. Жиын барысында өзге де құрылым өкілдері өздерін алаңдатқан сауалдарына да жауап алды.