Атырау облысы полиция департаменті есірткі қылмыстарының алдын алу және жолын кесу бағытындағы жұмыстарды ұдайы жүргізіп келеді. Соңғы бес айда есірткімен байланысты 59 құқық бұзушылық, оның ішінде 32 қылмыс тіркелді. Заңсыз айналымнан жалпы салмағы 29 келіден астам есірткі, аса ауыр санатқа жататын 3 келіге жуық синтетикалық есірткі заты тәркіленді.
Жүргізілген жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде заңсыз 2 фитозертхана, есірткі тасымалдаудың 3 арнасы жойылды. Өзге де заң бұзушылықтарды анықтау бойынша жүргізілген жұмыс нәтижесінде 56 әкімшілік хаттама, сондай-ақ есірткілік мас күйде автокөлік жүргізген 17 тұлға жауапқа тартылды. Облыс аумағында есірткі тасымалдаумен айналысқан 14 күдікті ұсталды, оның ішінде 6 күдіктінің өзге облыстан келгені, ал 2 күдіктінің колледж студенттері екенін белгілі болды. Полиция еріктілермен бірге 60-қа жуық есірткі сайттарын жарнамалайтын граффити жазбаларын жойды. Күнделікті жүргізілген ғаламтор жүйесіндегі мониторинг арқылы есірткі жарнамалайтын 332 сайт анықталып, ІІМ-не бұғаттауға жолданды. «Антифрод» ақпараттық жүйесі бойынша 673 күдікті есеп шоттар анықталып, олардың 30 млн-ға жуық қаражаты бұғатталды.
Жастар мен жасөспірімдер арасында нашақорлықтың алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау бағытында жыл басынан бері 404 нысаналы шаралар өткізілді.
Бұл бағыттағы жұмыстар Департамент басшылығының бақылауында және одан әрі жалғасуда.