Атырауда учаскелік полицейлер тонау қылмысын ізін суытпай ашты

Атырауда учаскелік полицейлер тонау қылмысын ізін суытпай ашты
4 сәуір күні Атырау қаласында орын алған қылмыс бойынша учаскелік полицейлер жедел әрекет етіп, күдіктіні сол күні анықтаған.
Оқиға таңғы сағат 07:00 шамасында Авангард ықшам ауданындағы «Көктем» базары маңында болды. Белгісіз ер адам Renault көлігіне отырып, жүргізушінің сенімін пайдаланып, Жайық өзенінің жағалауына жеткенде ұялы телефон, бейнетіркегіш және көзілдірікті тартып алып, оқиға орнынан қашып кеткен.
Жәбірленуші дереу полицияға хабар берген соң, №2 қалалық полиция бөлімінің №16 және №17 учаскелік пункттерінің инспекторлары — полиция капитаны Байбек Шотаев пен аға лейтенант Бауыржан Сағидоллаев шұғыл түрде қылмысты ашуға кірісті. Олар бейнебақылау камераларын тексеріп, күдіктінің бағытын анықтап, көп ұзамай 34 жастағы ер адамды Береке ықшам ауданындағы жеке үйден ұстады. Күдіктіден ұрланған ұялы телефон мен бейнетіркегіш табылып, қылмыс жасағаны расталды.
Аталған факт ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабының 1-бөлігі, яғни тонау дерегімен тіркеліп, тергеу амалдары жүргізілуде.
Бұл оқиға учаскелік полицейлердің кәсіби деңгейін және жедел әрекетін айқын көрсетеді. Қылмыстың ізін суытпай ашу— халықпен тығыз байланыста жұмыс істейтін тәртіп сақшыларының қоғам алдындағы жауапкершілігі.
Полиция капитаны Байбек Шотаев — Ақжар ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы. Оның қызмет аумағында 6 мыңға жуық тұрғын бар. Ол халықпен тығыз байланыста жұмыс істеп, профилактикалық әңгімелер, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылармен жұмыс жүргізеді.
Аға лейтенант Бауыржан Сағидоллаев - 1990 жылы Атырау қаласында дүниеге келген. Ол заң саласында білім алып, қызметін 2012 жылы ішкі істер органдарында бастаған. Қазіргі уақытта №81 және №82 учаскелерінің инспекторы ретінде 4900 адамға қызмет көрсетеді. Отбасылы, бес бала тәрбиелеп отырған Бауыржан Сағидоллаев өзінің қызметіне адалдығы мен адамгершілік ұстанымымен ерекшеленеді.
Капитан Байбек Шотаев пен аға лейтенант Бауыржан Сағидоллаев — халыққа жақын полицияның нағыз үлгісі. Олар тек қылмыстарды ашып қана қоймай, тұрғындармен байланыс орнатып, сенімге негізделген профилактикалық жұмыс жүргізеді. Мұндай мамандардың қызметі полицияға деген қоғамдық сенімді арттырып, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге көмектеседі.