Қызметіне адал, тәртіпке берік – полиция аға лейтенанты Нұрлыбек Сағидоллаұлы

Қызметіне адал, тәртіпке берік – полиция аға лейтенанты Нұрлыбек Сағидоллаұлы
Полиция қызметкері – азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігіне тікелей жауапты тұлға. Бұл жауапкершілікті абыроймен арқалап жүрген мамандардың бірі – Атырау қаласы полиция басқармасы Патрульдік полиция батальоны саптық бөлінісінің инспекторы полиция аға лейтенанты Аманқосов Нұрлыбек Сағидоллаұлы.
Қызмет барысында өзін жоғары тәртіп пен кәсіби дайындықты ұштастыра білетін, қызметіне адал маман ретінде таныта білді. Күн сайын қоғамдық тәртіпті қадағалап, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету – оның басты міндеті. Қиын сәттерде дұрыс шешім қабылдап, тұрғындарға көмек көрсету – Нұрлыбек Сағидоллаұлы үшін дағдыға айналған іс.
Жауапкершілік, батылдық пен сабырлылық – нағыз патрульдік полицейге қажет қасиеттер. Бұл қасиеттер оның бойынан айқын көрініс табады. Әріптестері арасында беделге ие, басшылық тарапынан сенім артылған Нұрлыбек Аманқосов — қызметіне шын берілген, халықтың сенімін ақтап жүрген үздік патрульдік полицейлердің бірі.
Қызмет барысында Нұрлыбек бірнеше рет жедел әрекет етіп, түрлі құқықбұзушылықтардың алдын алуға өз үлесін қосты. Қырағылығының арқасында жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған жүргізушілерді анықтап, жол-көлік оқиғаларының алдын алды. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету барысында тұрғындармен тіл табыса білуі — оның кәсіби шеберлігінің бір көрінісі.
- Патрульдік полицияның халыққа жол-көлік оқиғаларын болдырмаудың жолдарын түсіндіріп, қалалық жолдарда жүріс-тұрыс ережелерін айтып, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету-басты міндеттің бірі. Менің басты ұстанымдарым – адамдарға құрметпен қарау, адалдық және көмекке мұқтаждарға қолдау көрсетуге ұмтылу. Әр жағдайда әділ және адамгершілікті шешім табуға болатынына сенемін,- дейді Нұрлыбек Сағидоллаұлы.