Астанада республикалық «Қауіпсіз жол» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында «Тоқта – бұзушылық!» акциясы өтті. Бұл шараның мақсаты – жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алу және оны анықтау, барлық жол қозғалысына қатысушылар арасында тәртіпті нығайту болды.
Іс-шараның ерекшелігі – заманауи технологияларды қолдану, соның ішінде Астана қаласы Полиция департаментінің дрон аппаратын пайдалану болды. Бұл жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында жаңа форматтағы профилактикалық жұмысты енгізуге мүмкіндік береді.
Акцияға танымал блогерлер Айтым Жақұпов, Сергей Цырульников, Анатолий Бондарь және Руслан Силин қатысты. Олар елорда тұрғындары мен қонақтарына жол қозғалысы ережелерін сақтауға шақырып, үндеу жасады. Сондай-ақ, «Астана Жастары» ұйымының еріктілері акцияға қатысып, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ақпараттық парақшалар таратты.
Іс-шара Тұран және Республика көшелерінде өтті. Дрон арқылы тіркелген бұзушылықтар туралы ақпарат жедел түрде жаяу патрульдерге, мотоэскорт взводының қызметкерлеріне және автопатрульдерге берілді.
Іс-шара нәтижелері оның тиімділігін көрсетті, осындай жұмыс тұрақты түрде жалғасын табатын болады.
Елорда полициясы жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау маңызды екенін еске салады. Жолда мұқият болыңыздар, өз өмірлеріңізді және жақындарыңызды сақтаңыздар!