Астана қаласының Полиция департаменті өз жұмысында цифрлық технологияларды кезең-кезеңімен енгізіп, дамытып келеді. Қазақстан Республикасы Президентінің «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын құру жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында Жедел басқару орталығы базасында жаңа «SOS дабыл түймесі» жобасы іске қосылды.
Қала көшелерінде, саябақтар мен алаңдарда ұялы немесе басқа да байланыс болмаған жағдайда полицияны шұғыл шақыруға мүмкіндік беретін 25-тен астам арнайы құрылғы орнатылды. Көмек шақыру құрылғысы полицияның құқық бұзушылықтар туралы хабарламаларға жедел әрекет етуіне мүмкіндік береді.
Құрылғының жұмыс істеу принципі өте қарапайым. Қала тұрғындары құрылғыға жақындап, дабыл түймесін басады. Осыдан кейін полицияның жедел басқару орталығымен байланыс орнатылып, оқиға туралы ақпарат беріледі. Кіріктірілген бейнекамера бейнетүсірілім жүргізеді, ал динамиктер полиция қызметкеріне азаматпен дыбыстық байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Барлық деректер жүйе арқылы автоматты түрде тіркеледі.
Азаматтармен осындай форматтағы өзара әрекеттесу – полицияға шұғыл қажеттілік туындаған жағдайда жедел хабарласуға арналған қосымша функция (тікелей «102» нөмірі мен азаматтардың өтініштерін омниканалды қабылдау жүйесінен бөлек) болып табылады.