Астана тұрғыны көршісін алдап 6 несие артқалатқан

Астана тұрғыны  көршісін алдап 6 несие артқалатқан

34 жастағы Астана тұрғыны көршісінің сеніміне кіріп оның ақкөңілділігін пайдаланып, оның атынан алты несие рәсімдеген. Ол банктерден мобильді банкинг арқылы екі несие алып үлгерсе, қалған несиені шағын несие ұйымдарынан алған.
Анықталғандай қаскүнем көршісімен сенімді қарым-қатынаста болған және оның жұмыс іздеп жүргенін білген соң, ол оған көмектеспек болған сыңай танытқан. Сөйтіп көршісінің жеке деректерін иемденіп алған күдікті жалпы сомасы 4 миллион теңгеге онлайн несие алған.
Қазір Байқоңыр ауданының полиция қызметкерлері күдіктінің үстінен қылмыстық іс қозғады. Алаяқтық жасаған күдікті қылмысын мойындады. Оның елордада осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда.
Астана қаласы Полиция департаменті қала тұрғындарын қырағы болып, жеке мәліметтерін бейтаныс адамдармен бөліспеуге кеңес береді.