Құрылыс нысанының бұрынғы күзетшісі экскаватор тиегішін ұрлаған

Құрылыс нысанының бұрынғы күзетшісі экскаватор тиегішін ұрлаған

Полицияға ЖШС өкілі хабарласып, құрылыс объектісінің аумағынан белгісіз адам экскаватор шөмішін ұрлап, 600 мың теңге сомасына материалдық шығын келтіргенін айтып арызданған.
Жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында "Сарыарқа" ауданды ПБ криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері Рудный қаласында, елордалық кәсіпорында бұрын күзетші болып жұмыс істеген, 38 жастағы ер адамды анықтады. Түнде ол көлік жалдап, экскаватор шөмішін тиеп алып кетіп, содан кейін оны Алматыда сатып алушыға сатып жіберген. Сондай-ақ, оның аталған нысаннан құрылыс материалдарын ұрлауға қатысы бар екендігі анықталды.
Аталған фактіге қатысты ұрлық бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде, ер адамның елорда аумағында жасалған басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде. Заттай дәлелдемелер тәркіленді.
Астана қаласының полиция департаменті объектілердің иелеріне тауарлық-материалдық құндылықтарды ұрлауды болдырмау үшін объектілерді күзету жөнінде шаралар қабылдауды, оларды бейнебақылау камераларымен жабдықтауды және күзет дабылын орнатуды ұсынады.