Астаналық сақшылар қала тұрғынын соққыға жығып, мүлкін алған азаматтарды анықтады

Астаналық сақшылар қала тұрғынын соққыға жығып, мүлкін алған азаматтарды анықтады

Полицияға қала тұрғыны арызданып, оған белгісіз біреулер күш көрсетіп, ұялы телефонын тартып алғанын айтқан. Анықталғандай, түнгі сағат 01.30 шамасында жас жігіт көшеде келе жатып, оған қарай жүгіріп келе жатқан екі жігітті байқаған. Олардың жүрісіне ешқандай мән бермеген жәбірленуші өз бағытымен кете береді. Бірақ олардың қуып жеткенін қасына келгенде біліп, бірден күтпеген жерден иегінің астынан соққы алған. Қатты тиген соққыдан құлап қалған сәтті пайдаланған ер адамдар оның «iPhone 11 PRO» телефонын алып, оқиға орнынан ізін суытқан.
Жедел іздестіру шаралары барысында Алматы ауданы ПБ криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері күдіктілерді анықтады. Олар 18 және 20 жастағы екі жігіт болып шыққан. Тартып алған ұялы телефонды сатып үлгергені де белгілі болған. Күдіктілер кінәсін мойындап, Астана қаласы ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тонау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Олардың елордада жасалған осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығы анықталуда.
Астана қаласы Полиция департаменті сізге қатысты заңсыз әрекеттер жасалған жағдайда дереу полицияға немесе «102» мобильді қосымшасы арқылы хабарлау керектігін ескертеді.
Астана қаласы ПД Баспасөз қызметі