Елорда тұрғындары алаяқтық туралы полицияға арызданған. Айтуларынша, белгісіз біреу пәтерлерді жалға беремін деген желеумен олардың ақшасын иемденіп кеткен. Аталған қылмыс түрін анықтауға жұмылған Сарыарқа аудандық ПБ криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері 46 жастағы ер адамды күдікті ретінде құрықтаған. Ол «Krysha.kz» сайтында, арзан бағамен және интерьердің әдемі фотосуреттерімен тұтынушыларды қызықтырып жарнама жариялаған. Дегенмен, оның басты шарты алдын ала төлем алу болған. Алдын ала алатын сомасы 30-55 мың теңге аралығында болған. Ақшаны алғаннан кейін ол хабарландыруды өшіріп, телефон нөмірін ауыстырып отырған. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 190-бабымен «Алаяқтық» сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оның бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы белгілі болып, өзге де жәбірленушілер анықталуда.
"Шындығында, ер адамның жылжымайтын мүлкі болмаған, ол риэлторлық қызметпен де айналыспаған. Оның пайдакүнемдік мақсаты жеңіл ақша табу болған. Кем дегенде төрт адам алдауға түсіп, алаяқтық туралы ресми түрде хабарлаған. Қазір ер адам Астана қалалық полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды», - дейді Сарыарқа аудандық полиция басқармасының аға жедел уәкілі Қуаныш Шерназаров.
Астана қаласы Полиция департаменті азаматтарды қырағы болуды және көрсетілетін қызметтердің шынайылығына көз жеткізбей, алдын ала төлемді жібермеуді ескертеді.