Қоңырау соғуды өтініп, телефонмен кетіп қалды: ер адам аңғал такси жүргізушілерін алдап кеткен

Қоңырау соғуды өтініп, телефонмен кетіп қалды: ер адам аңғал такси жүргізушілерін алдап кеткен

«Есіл» аудандық полиция басқармасының криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында елорда тұрғындарының ұялы телефонын алаяқтық жолмен иемденіп кеткен 32 жастағы ер адамды ұстады.
Тергеу барысында қаскүнемнің такси шақырып, сауда ойын-сауық орталығына жеткені анықталды. Ер адам қажетті орынға жеткен соң, такси жүргізушісінен қоңырау шаламын деген сылтаумен ұялы телефонын сұрап, жүргізушіні дереу қайтып келетініне сендіру үшін, көлікке бос әмиян немесе блокнот қалдырып, СОО-на кіріп кетеді.
Аңғал такси жүргізушілері оны кіре берісте бір сағаттан астам күтеді. Осы кезде қаскүнем сауда орталығына кіріп, такси жүргізушісінің телефонынан жүргізушінің таныстарына жедел түрде ақша жіберуді сұрап хабарлама жазады.
Азаматтар ешнәрседен күдіктенбестен, такси жүргізушісінің «Каспий» қосымшасына ақша жібереді, сол сәтте қаскүнем түскен ақшаларды дереу терминалға аударады. Ақша мен ұялы телефонды алып, кейін телефонды өшіріп тастаған ер адам тығылып қалады. Осылайша, ол 6 такси жүргізушісін алдап үлгерген. Сонымен қатар, полицейлер оның хостелден ұялы телефон ұрлығына қатысы барын анықтаған.
Аталған фактілер бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті кінәсін мойындады, заттай айғақтар тәркіленді. Ер адам Астана қаласы ПД-нің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оның елорда аумағында жасалған осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.