Астанада полицейлер сериалық автоұрыны ұстады

Астанада полицейлер сериалық автоұрыны ұстады

Күдікті алты көліктің салонын "тазалап" үлгерген. Мәселен, ер адам кешкі уақытта Сәтбаев көшесіндегі үйдің ауласында "Mercedes-Benz" көлігінің жүксалғышынан заңсыз  50 мың теңге тұратын қосалқы бөлшектерді ұрлап кеткен.

Ұры жүксалғыш құлпының дұрыс жұмыс істемеуіне үміттеніп, үнемі ескі көліктерді таңдаған. Ол мұндай схеманы "LADA Priora", "Volkswagen Passat", "ВАЗ 2160", "Audi" және "Nissan Cefiro" маркалы көлік құралдарымен іске асырып үлгерген. Көп жағдайда күдікті автокөлік бөлшектері мен құрал-жабдықтар жиынтығын ұрлаған, кейін оларды базарларда өтіп бара жатқан адамдарға сатқан. 

Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында 30 жастағы күдікті ұсталды. Астаналық азамат елорда аумағында ұрлық жасағанын мойындады. Қазіргі уақытта полицейлер оның бұрын жасалған басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеруде.

Күдіктіге қатысты "қамауда ұстау" түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. 

Астана қаласының Полиция департаменті автокөлік иелеріне автокөліктерден ұрлауды болдырмау үшін көлік құралын күзет дабылымен жабдықтауды, сондай-ақ өз автомобильдерін күзетілетін автотұрақтарда немесе бейнебақылау камераларымен жабдықталған орындарда қоюды ЕСКЕРТЕДІ.