
Астанада полиция қызметкерлері құны шамамен 4 миллион теңге болатын Mercedes-Benz 200E автокөлігін заңсыз иемденді деген күдікпен 35 жастағы ер адамды анықтап, ұстады.
Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам бір ұйымға жүгініп, автокөлікті ұзақ мерзімді жалға алған. Біраз уақыт көлікті пайдаланғаннан кейін, оны қайтару мерзімі келгенде компания өкілдерімен байланысын үзген.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер жалға алынған автокөліктің сатылып кеткенін анықтады. Күдікті тұрғылықты жерінен ұсталды.
Қазіргі уақытта ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.
Астана қаласының Полиция департаменті азаматтар мен ұйым өкілдеріне мүлікті жалға беру кезінде құжаттар мен келісімшарт талаптарын мұқият тексеру қажеттігін ескертеді. Ал күмәнді жағдайлар туындаған жағдайда, полицияға дер кезінде хабарласуға шақырады.