Елордада BMW жүргізушісі қоғамдық жолды дрифт алаңына айналдырған

Елордада BMW жүргізушісі қоғамдық жолды дрифт алаңына айналдырған

Астанада қоғамдық жолда көлік жүргізу ережесін бұзып, дрифт жасаған 21 жастағы жүргізуші анықталып, әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
Оқиға шамамен сағат 21:50-де Қабанбай батыр және Сарайшық көшелерінің қиылысында болған. Полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін бұза отырып, «BMW» маркалы автокөлікті әдейі сырғанатып, қауіпті маневр жасаған жүргізушіні тоқтатқан.
Жүргізуші көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзып, жол қозғалысына қатысушыларға қауіп төндіретін әрекет жасаған. Осыған байланысты оған бірнеше әкімшілік құқық бұзушылық бойынша шара қолданылды.
Құқық бұзушы қауіпті маневр жасағаны, көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзғаны және ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
Полиция қоғамдық жолдардың дрифт немесе басқа да қауіпті көлік маневрлерін жасауға арналмағанын еске салды. Мұндай әрекеттер жүргізушінің өзіне ғана емес, жолдағы басқа көлік құралдарының жүргізушілеріне, жолаушыларға және жаяу жүргіншілерге де қауіп төндіреді.