
«Қорғау» жүйесі республика аумағында іздеудегі көлік құралдарын анықтауға мүмкіндік береді
Астанада жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында цифрлық технологияларды қолдану кеңейіп келеді.
Солардың бірі – полиция қызметкерлерінің планшеттеріне орнатылған «Қорғау» мобильді қосымшасы. Бүгінде жүйеге елордалық полиция қызметкерлерінің 1000-ға жуық планшеті қосылған.
«Қорғау» жүйесі көлік құралдары туралы ақпаратты талдап, жол қозғалысы барысында ерекше назар аударуды қажет ететін автокөліктерді жедел анықтауға мүмкіндік береді. Оның көмегімен республика аумағында іздеуде жүрген көлік құралдарын анықтау жүзеге асырылады.
Сонымен қатар жүйе төленбеген әкімшілік айыппұлдары бар, мемлекеттік тіркеу нөмірлері күмәнді немесе сәйкес келмейтін, сондай-ақ жол қозғалысы ережелерін бірнеше рет бұзған көлік құралдары туралы ақпаратты полиция қызметкеріне жедел жеткізеді.
«Қорғау» қосымшасы «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешендерімен өзара ықпалдаса жұмыс істейді. Полиция қызметкерінің планшетінде елорда аумағындағы жұмыс істеп тұрған «Сергек» кешендерінің орналасқан жері көрсетіледі. Бұл жол қозғалысын бақылауды күшейтіп, қажетті жағдайда көлік құралын дер кезінде тексеруге мүмкіндік береді.
Жүйе жылдамдық режимін бұзған көліктерді де анықтауға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, қысқа уақыт аралығында бірнеше рет жол ережесін бұзған немесе белгіленген жылдамдықты айтарлықтай асырған көлік құралдары полиция қызметкерлерінің назарында болады.
Цифрлық технологияларды пайдалану полицияның жолдағы жағдайды бақылау мүмкіндігін кеңейтіп, ықтимал қауіптерге жедел ден қоюға жағдай жасайды. Бұл өз кезегінде жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Осылайша, «Қорғау» жүйесі – полиция қызметкерлеріне көлік құралдары туралы қажетті ақпаратты жедел алуға, іздеудегі автокөліктерді анықтауға және жолдағы қауіпті жағдайларға дер кезінде ден қоюға мүмкіндік беретін цифрлық құрал.