Цифрлық полицей: елорда полициясы қызметтік бақылаудың жаңа технологиясын қолдануда

Цифрлық полицей: елорда полициясы қызметтік бақылаудың жаңа технологиясын қолдануда

Цифрлық полицей: елорда полициясы қызметтік бақылаудың жаңа технологиясын қолдануда

Астанада полиция қызметін цифрландыру және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісінде заманауи технологияларды енгізу жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда.

2022 жылы сервистік полиция моделін дамыту аясында Астана қаласы Полиция департаменті «Цифрлық полицей» жобасын іске қосты. Жобаның негізгі бағыттарының бірі – қызметкерлерді жаңа буындағы бейнетіркегіштермен қамтамасыз ету. Қазіргі таңда полиция гарнизонында 1 824 смартжетон қолданылады.

Аталған құрылғылар учаскелік инспекторлар, Патрульдік полиция полкі және Патрульдік полицияның мамандандырылған ббатальоны қызметкерлерінің күнделікті қызметінде пайдаланылады.

Смартжетондар полиция қызметкерінің әрекетін тіркеумен ғана шектелмей, қызметтік міндеттерді орындау барысын жедел бақылауға мүмкіндік береді. Құрылғы арқылы бейнебақылауды нақты уақыт режимінде Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына тікелей трансляциялауға болады.

Сонымен қатар жүйеде қызметкердің орналасқан жері мен қозғалыс бағытын GPS арқылы бақылау мүмкіндігі қарастырылған. Бұл қызметтік маршруттарды нақты уақыт режимінде немесе белгілі бір уақыт аралығында бақылауға мүмкіндік береді.

Құрылғыда төтенше жағдай кезінде пайдаланылатын SOS батырмасы да қарастырылған. Батырма іске қосылған жағдайда жедел басқару орталығына бірден дабыл түсіп, бейнежазба автоматты түрде қосылады.

Сондай-ақ бейнетіркегіштердегі ақпаратты қызметкердің өз бетінше өшіруіне немесе құрылғыны ажыратуына мүмкіндік берілмейді. Бұл бейнематериалдардың сақталуын және қызметтік бақылаудың ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Жаңа технологияны қолдану полиция қызметкерлерінің қызмет атқару барысын онлайн режимде бақылауға, төтенше жағдайларға жедел ден қоюға және қызметтік міндеттердің орындалуын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік беріп отыр.

«Цифрлық полицей» жобасы – полиция қызметін заманауи технологиялармен ұштастырып, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету сапасын арттыруға бағытталған цифрлық шешімдердің бірі.